Жаңалықтар

10 қыркүйек 2013
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға кезекті отырысқа қатысу үшін келген ТМД-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлерін қабылдады

Өз сөзінде Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер ішкі істер министрлерінің алғашқы кеңесі Алматыда өткенін еске салып өтті.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер ішкі істер министрлерінің алғашқы кеңесі Алматыда өткенін еске салып өтті.

– ТМД-ның артықшылығы сол, мүше мемлекеттердің басшылары тұрақты кездесіп тұрады, түрлі мәселелер жөнінде пікірлесіп отырады. Мемлекеттердің барлығы бүгінде құқықтық тәртіпке мүдделі, онсыз ешқандай реформа да, елдердің дамуы да мүмкін емес. Сондықтан қылмыскерлер ешқайда бой тасалай алмайтынын түсінуі үшін өзара көмектің маңызы зор. Өйткені сіздер бірлесе іс-қимыл жасап, бір-біріңізге қол ұшын беріп отырсыздар. Мұның пайда да көп, қажеттілігі де сонда, – деді Мемлекет басшысы.   

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда үшінші жыл қатарынан құқық қорғау саласында үлкен реформалар жүргізіліп жатқанын да айтып өтті.

– Кадрларды ауқымды аттестаттау өткізілді, құқық қорғау органдарының штат санын қысқарту маңызды рөл атқарды. Осыған байланысты біз полицейлердің әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілу деңгейін күрт арттырдық. Олардың еңбекақысы мен өзге де төлемақылары әскери қызметшілермен теңестірілді. Қазір Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстерінің жобалары қаралу үстінде. Оның түпкі мән-мақсаты – қылмыссыздандыру және түрмедегілер санын азайту, – деді Қазақстан Президенті.   

Мемлекет басшысы құқық тәртібін сақтау күштерінің жұмыс сапасын бағалауға деген көзқарастағы өзгерістер туралы да хабардар етті.

– Құқық қорғау органдарының өзге елдердің тиісті ведомстволарымен өзара іс-қимылының зор мәні бар. Сіздер қабылдайтын құжаттар, келісімдер – елдеріміздің әрқайсысы үшін маңызды жұмыс. Сондықтан мен ТМД-да Интерполдың өзіміздегі баламасын құруды ұсындым. Бұл мәселе талқыланады, егер сіздер қолдасаңыздар, мемлекеттеріміздің аумағында қылмысқа қарсы біз бірлесіп күресу үшін сондай бір құрылым құрылатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Кеңес отырысы барысында Достастық елдерінің полиция құрылымының жетекшілері 2020 жылға дейінгі ынтымақтастық тұжырымдамасы жобасын, сондай-ақ бұған дейін қабылданған қылмысқа қарсы күрестің мемлекетаралық бағдарламаларының іске асырылу барысын талқылайтынын мәлімдеді.

– Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы ішкі істер министрлерімен бірлесіп біз өзара іс-қимыл проблемасын бөлек талқылаймыз және Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында министрліктеріміздің бірлескен жұмысының одан арғы бағыттарын айқындаймыз, – деді Қ.Қасымов.  


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар