National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Президенті Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді

2017 жылғы 12 шілде

Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Германия Президентінің сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отырған кезге тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтты.

– Біз бүгінде кең ауқымды саяси әрі экономикалық қарым-қатынастар бойынша стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілдік. Мен Германия Президентімен Қазақстанның даму үдерістері, өңірдегі еліміздің алдында тұрған сыртқы саяси міндеттер жөнінде ой бөлістім. Германия – біздің сенімді досымыз әрі негізгі экономикалық әріптесіміз. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, ал тікелей инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өзара қарым-қатынасты тереңдету жөніндегі тұрақты жұмыс оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстандағы индустрияландыру үдерістеріне озық технологияларды қолдана отырып, Германия бизнесін тарту мүмкіндігі талқыланды. Шикізат, өнеркәсіп, технология салаларындағы серіктестік туралы келісімді тиімді іске асыру мәселесіне баса назар аударылып отыр. Жүргізіліп жатқан жекешелендіру, кәсіби-техникалық мамандарды даярлау жұмыстары аясында өзара іс-қимылды күшейту қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығындағы, көлік-транзит саласындағы екіжақты қарым-қатынасты жандандыру мәселелеріне ерекше тоқталды.

– Қазақстанның географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуын ескеріп, біз жүктерді Қытайдан Орталық Азия арқылы Германияға құрлықпен жеткізу идеясын одан әрі ілгерілету үшін күш жұмылдыруға ниеттіміз. Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жөніндегі бірлескен жобалар айтарлықтай қызығушылық тудырып отыр. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің табысты жұмысының маңызы зор. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын 20-дан астам құжатқа қол қойылды, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ғылым мен білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.

– Қазақстанда тұратын мыңдаған неміс қауымының Германияға көшіп кеткен немістермен достық, туыстық байланыста болуы маңызды. Халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша елдеріміздің ұстанымдары ұқсас екенін атап өткім келеді. Германияның және Штайнмайер мырзаның жеке қолдауының арқасында Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі 2007-2013 жылдарға арналған алғашқы стратегиясы қабылданып, біздің өңірге қатысты Су бастамасы іске қосылған болатын. Қазақстанның Еуропалық Одақпен кеңейтілген серіктестігі туралы келісімді ратификациялағандарыңыз үшін Сізге және Сіздің еліңізге ризашылығымызды білдіреміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Германияның әлемдік саясаттағы рөлін жоғары бағалап, Гамбургте өткен G-20 саммитін атап өтті.

Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне Украинаның оңтүстік-шығысында және Таяу Шығыста орын алып отырған қақтығысқа қатысты Германия Президентімен пікір алмасқанын да айтты.

Германия Федеративтік Республикасының Президенті Таяу және Орта Шығыс пен Украинаның оңтүстік-шығысындағы мәселелер жөнінде ашық әңгіме болғанына тоқталды.

– Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 25 жылдың ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастық экономикалық мәселелермен ғана шектеліп қалмай, түрлі сипатқа ие болды. Ең алдымен, бұл – Қазақстанда белсенді түрде қызмет етіп келе жатқан түрлі білім беру институттары мен қорлар. Бұл бірлесе дамуымыздың оң үрдісі, – деді Ф.-В.Штайнмайер.

Германия Президенті Қазақстанның өңірдегі сыртқы саяси рөлін жоғары бағалады.

– Қазақстан – өңірдегі тұрақтылық тірегі, өзіне сенімді мемлекет. Аймақтағы бейбітшілікті қамтамасыз ету және еліңіздің табысты дамуына серпін беру үшін Сіз, Президент мырза, ядролық қарудан бас тарттыңыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдық кезеңінде Сіз дау-дамай мен қақтығыстарды дипломатиялық әдістермен әділетті түрде шешудің жарқын мысалын көрсетіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты әріптес ретінде де өз миссияларыңызды атқарып келесіздер. Қазақстан Сирия қақтығысын реттеу үшін мүдделі тараптардың басқосуына жағдай жасады, – деді Ф.-В.Штайнмайер.

Германия Президенті Қытайдың Жаңа Жібек жолын дамыту бастамасын да атап өтті.

– Тарихи тұрғыда инфрақұрылымдық жоба ғана емес, халықтар арасында мәдени көпір рөлін атқарған бұл бастама қазіргі уақытта инвестициялық тартымдылық тұрғысынан ғана қарастырылмай, Шығыс пен Батыстың іс жүзінде тіл табысуына септігін тигізеді деп үміттенеміз. Қазақстан Қытай мен Батыстың арасында орналасқандықтан, оның бұл үдерістегі рөлі зор болатынына сенімдімін, – деді Ф.-В.Штайнмайер.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің